Әр маман негізгі кәсібімен қатар цифрлық дағдыларды жетік меңгеруі керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік нарықта ЖИ мамандарына сұраныс арта береді және қазақстандық мамандар әлем қажетіне жарайтын озық технологияларды жасауы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтты.
Президенттің айтуынша, университеттер жаңа заманға сай мамандар дайындауға тиіс. Қазақстанның инженерлері, зерттеушілері және кәсіпкерлері бүкіл әлемнің қажетіне жарайтын озық технологияларды ойлап табуға қабілетті болуы керек.
— Жыл басында елімізде AI-sana бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба аясында 440 мыңнан астам студент ЖИ саласы бойынша арнайы сертификатқа ие болды. Мұндай бағдарламалардың пайдасы мол. Себебі дәл осындай алаңдарда ең үздік жобалар өз алдына стартап ретінде қалыптасып, халықаралық нарыққа шыға бастайды, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда Президент әлемдік нарықта ЖИ мамандарына деген сұраныстың өте жоғары екенін ұмытпауды еске салды. Және алдағы уақытта бұл сұраныс тек өсе бермек.
— Мұндай жағдайда тіпті білім беру жүйесінің мүмкіндігі де шектеулі болатыны анық. Сол себепті қазіргі озық технология дәуірінде әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар, цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, ЖИ мүмкіндіктерін жұмыс барысында қолдана білгені жөн, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласына маманданған жаңа зерттеу университетін құруды тапсырған еді.