Әр медқызметкер кәсіби міндетін атқарғанда Жолдауды қаперде ұстауы керек - дәрігер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әр медициналық қызметкер өзінің кәсіби міндетін атқару кезінде Елбасы Жолдауындағы бастамаларды қаперде ұстауы керек. Алматыдағы №11 емхананың бас дәрігері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Майра Жүнісова осылай дейді.

«Мемлекет басшысы Жолдауда тұрақты даму арқасында ел тұрмысының жақсаратынына тағы да сенім ұялатты. Біз болашақта әлі де күрделі міндеттерді шешуге дайынбыз. №11 емхана ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстарын түгел қолдаймыз. Өйткені, мемлекеттің бақуатты болуы ең басты байлық - адамның тұрмыстық ахуалының артуына тікелей байланысты», - дейді бас дәрігер Майра Жүнісова.

Айта кету керек, емхана ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын тікелей трансляция арқылы тыңдады.

«Барлығымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанына куә болдық. Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы болуы медициналық қызметтің сапасына тікелей байланысты. Сондықтан, әр медициналық қызметкер өзінің кәсіби міндетін атқару кезінде Президенттің айтқан бастамаларын орындауға бар күшін салатын болады. Жолдаудың 6-бағытында алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінің дамуы тілге тиек етілді. Бұл саланың мамандары 2019 жылдан бастап учаскелік дәрігерлер мен медбикелер еңбегіне лайықты 20% үстеме алатын болады. Бұл қолдау шарасы медицинаны цифрландыру саласында тер төгіп жүрген мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауда үлкен серпін бермек. 2020 жылға таман Қазақстанның әрбір азаматының электронды төлқұжаты болады. Емханалардың қызметін қағазсыз форматқа көшіруде учаскелік қызметкерлер көп үлес қосқан», - дейді М.Жүнісова.

Айта кету керек, емдеу мекемесінің ұжымы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындауға бар күшін салмақ. Оның бір көрінісі ретінде электронды денсаулық паспорты мен «пациент - дәрігер - емхана»  байланысын жақсартуға бағытталған мобильді қосымшаларды атауға болады.