Әр мегаполистің ерекшелігі ескерілуі керек – урбанист жаңа заң жайында

Фото: Г. Байғабылованың жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы үш мегаполистің — Астана, Алматы және Шымкенттің мәртебесіне қатысты заңға өзгеріс енгізді. Урбанист Гүлмира Байғабылова әр қаланың географиялық және инфрақұрылымдық ерекшеліктері ескерілмейінше, бірыңғай заң толыққанды нәтиже бермейтінін айтады.

Маманның айтуынша, үш мегаполиске ортақ заң қабылдау – қалалардың даму бағытын жүйелеуге арналған қадам. Алайда әр қаланың өзіндік ерекшелігі ескерілуі тиіс.

– Ірі қалалар үшін даму бағытында ортақ қағидалар болғанымен, олардың әрқайсысының өзіндік табиғи ерекшеліктері бар. Мысалы, сейсмикалық белсенділік, топырақ жағдайы, жер бедері, батпақты немесе желді аумақтар. Сондықтан жергілікті мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік қалуы тиіс. Тек бірыңғай заңмен шектелу – дамуға кедергі болуы мүмкін, – дейді урбанист.

Сондай-ақ жасыл белдеудің экологиялық маңызын жоққа шығармайды, бірақ бұл ұғымға мұқият қарау қажет екенін алға тартты.

– Жасыл белдеудің тиімділігі географиялық жағдайға тікелей байланысты. Жазық және желді жерлерде ол шаң мен желді тежейді. Алайда тау бөктеріндегі қалаларда бұл жел айналымына кедергі келтіріп, ауаның тұрып қалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан біз «жасыл белдеу» емес, «жасыл дәліз» ұғымын қолдануымыз керек. Ол әрі көгалдандыру, әрі табиғи желдетуді қамтамасыз етеді, – деді маман.

Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс – дизайн-код енгізу және сыртқы жарнамаға шектеу қою. Сарапшы мұны қаланың эстетикалық бейнесін жақсартуға бағытталған дұрыс шешім деп есептейді. Ол сапалы бизнесті агрессивті жарнамаға сүйенбеуге шақырады.

– Сапалы қызмет пен тауар ұсынатын бизнес агрессивті жарнамаға мұқтаж емес. Жарнаманың өзі – тек ақпарат жеткізу құралы. Оны талғаммен, әдемі етіп ұсынуға болады. Дизайн-код – қаланың эстетикалық келбетін сақтау жолы, ол бейберекет, сапасыз жарнамадан қорғайды. Жарнама архитектурадан басым түспеуі керек, – дейді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Урбанист аудан әкімдерінің өкілеттілігін кеңейту мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның сөзінше, аудан әкімдерінің құқығы кеңейтілсе, жергілікті мәселелердің шешімі жеделдей түсіп, тұрғындардың сенімі артады және басқару жүйесі тиімдірек жұмыс істейді.

– Иә, аудан әкімдері жергілікті мәселелерді шешу үшін қажет. Қазір жиі кездесетін жағдай — халық әкімге шағым айтады, бірақ ол ештеңе шеше алмайды, себебі нақты жауапты — көлік немесе инфрақұрылым басқармалары. Егер аудан әкімдеріне нақты өкілет берілсе, олар өз аймағының мәселелерін тиімді әрі жылдам шеше алады. Себебі сол аумақтың мұқтажын ең жақсы білетін — сол ауданның әкімдігі. Әрине, магистралды жолдар немесе ірі жобалар облыстық басқармалар арқылы шешілуі керек, ал күнделікті өмірге қатысты мәселелерді жергілікті деңгейде шешуге мүмкіндік берілуі тиіс, – деп түсіндірді маман.