Әр мерекеден кейін қаладағы эпиджағдай өрши түседі - Елорданың бас санитар дәрігері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сарқыт Бейсенова Наурыз айындағы мерекелерге байланысты елорда жұртына үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тәжірибе көрсеткендей, әр мерекеден кейін қаладағы эпидемиологиялық жағдай өрши түседі. Оған себеп демалыс кезінде карантин талаптарының сақталмауы. Сондықтан сіздерді мереке күндері қарсаңында қарапайым қауіпсіздік шараларын ұмытпауға шақырамын. Наурыз айындағы мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуіне алып келмеуі тиіс», - С. Бейсенова елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елордадағы эпиджағдайдың жақсара немесе керісінше нашарлай түсуіне әр тұрғынның үлесі бар.

«Бұл дегеніміз біз бен сіздердің алдын алу шараларын сақтаудағы жауапкершілігімізге тікелей байланысты. Вакцинация алмай, әлі де ойланып жүрген адамдарға айтарым, өзіңіздің және өзгенің денсаулығы сіздің таңдауыңызға байланысты болады. Дұрыс таңдау жасаңыз», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада 480 мың адам вакцинаны толық алды.

Сондай-ақ, Сарқыт Бейсенова Нұр-Сұлтанда «Омикрон» және «Дельта» штамының таралуына қатысты алаңдаушылық танытты.