«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында министрлік автожол саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Автожол жобаларын іске асыру кезінде «саннан сапаға» қағидаты қолданылатын болады. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға тиісті бағыттар бойынша түзетулер пакеті әзірленді», - деді Қ. Өскенбаев.
Оның айтуынша, Қазақ жол ғылыми-зерттеу институты базасында жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы құрылды.
«Қазір карьерлер, битум зауыттары материалдарының сапасы, сондай-ақ жаңа технологиялар, климат ерекшеліктері, геологиялық және гидрогеологиялық деректер бойынша ақпарат жинақталып жатыр. Аталған институт жолдардағы көлік қозғалысы қарқындылығын, есептік жүктемелерді ескере отырып, әр өңір үшін жол төсемдерінің үлгілік конструкцияларын қалыптастыратын болады», - деді министр.
Сонымен қатар, ведомство басшысы әр өңір үшін асфальтбетон қоспаларының, битумның, қиыршық тастың жекелеген құрамдары қалыптастырылатынын айтты.