2022 жылдың басынан бері ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері іштен құлыптанып қалған 440 есікті ашып, шешілмей қалған 17 сақинадан адам саусағын босатып берді. Қызығынан қиындығы басым осы жұмыстың биылғы жылын қорытындылай келе құтқарушылар ерекше және күлкілі жағдайларды еске алды.
«Бірде Өскеменде баланың саусағы ұялы телефон корпусына қысылып қалғаны туралы хабар түсті. Ата-анасы өз бетімен көмектесе алмаған соң құтқарушыларды шақырды. Оқиға орнына келген ТЖД мамандандырылған жасағының қызметкерлері арнайы құралдардың көмегімен қақпақты қысып көтеріп, баланың саусағын босатты», - делінген ШҚО ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Мектепте оныншы сынып оқушысының саусағы кранға кептеліп қалған. Құтқарушылар кранды кесіп, оқушының саусағын шығарып берді.
Баланың айтуынша, үзілісте ол саусағын шүмекке саламын деп осындай жағдайға тап болған. Мұны байқаған сыныптасы мұғалімге хабар берген. Содан соң ұстазы ТЖД-ға хабарласты.
«112» қызметіне кезекті шақыру түсті. Оқиға орнына келген құтқарушылар жертөлеге құлаған 1946 жылғы қарт адамды тапты. Белгілі болғандай, ол сонда құлап, өздігінен шыға алмай, көмек сұрап айқайлаған. Куәгерлер оны естіген соң дереу ТЖ қызметіне қоңырау шалды. Құтқарушылар жәбірленушіні жертөледен шығарды», - делінген мәліметте.
Шемонаиха ауданының орталығындағы Вокзальная көшесінде жылу трассасында адам қыстырылып қалған. Жәбірленушіні өтіп бара жатқан балалар байқап, құтқарушыларға хабар берді.
«Оның аяғы құбырлардың арасына қысылып қалған екен. №28 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері арнайы құралдардың көмегімен құбырды босатып, ер адамды алып шықты. Азамат аязда жылынбақ болып, қиын жағдайға тап болған», - делінген хабарламада.
Фото: ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті