Отырыстан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Асхат Аймағамбетов ол ұсыныстың мәнін түсіндірді.
«Қазір біз суицидтердің бәрі бойынша қылмыстық іс қозғала бермейтінін көріп отырмыз. Бұл – проблема. Сондықтан біз, біріншіден, әрбір суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды, яғни тергеу жүргізуді ұсынып отырмыз. Екіншіден, жаңа екі қылмыстық құрам ұсынылып отыр. Бұл – суицидке итермелеу және суицидті насихаттау», - деді ол.
Депутат бұл баптар бойынша да жауапкершілік енгізу керек дегенді айтты.
«Синий кит» деген сияқты онлайн платформалардағы дүниелерді естіген шығарсыздар. БАҚ-та суицидті насихаттау және суицидке итермелеу туралы мәліметтер тарап жатады. Біз осының бәрін айқын реттеу керек деп есептейміз. Жауапкершілік болу керек», - деді Асхат Аймағамбетов.
Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың мәліметі бойынша, биыл Астанада 9 айда 83 жасөспірім суицид жасаған.