Әр ұрпақтың уақыты, істейтін жұмысы бар - Нұрсұлтан Назарбаев

ШАМАЛҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылында жергілікті тұрғындармен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін неліктен тоқтатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер жақында мен шешім қабылдап, президенттік өкілеттігімді тоқтаттым. Себебі, әр ұрпақтың өзінің уақыты, істейтін жұмысы бар. Бірақ мен Елбасы ретінде биліктің ең жоғарғы сатысына келіп, одан әрі не істеп жатқанын көріп, стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу үшін осылай шештім. Менің орныма келген Тоқаев мырза белгілі қазақ азаматы, менің үмітімді ақтайды деп сенемін», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін ҚР Тұңғыш Президенті туған жері Шамалған елді мекеніне барады. Онда «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының алдында тұрғындармен кездесу өтті.