Ара шағып алғанына қарамастан Нибали «Вуэльтаның» жалпы есебінде көш бастады. ФОТО

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Астана» командасының үздігі Винченцо Нибали Испания жолдарымен өтіп жатқан «Вуэльта» мәртебелі велокөпкүндігінде жалпы есепте көш басына оралды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Бұл жағдай 11-кезеңнен кейін орын алды. Жеке жарыс қорытындысы бойынша Нибали швейцариялық Фабиан Канчеллара, неміс Тони Мартин және өзінің отандасы Доменико Поццовивоға жол беріп, төртінші орын алды.

Жалпы есепте Нибали ирландиялық Николас Рошеден 33 секундқа озып келеді. Үшінші орында келе жатқан Алехандро Вальверде біздің велошабандоздан 46 секундқа қалып тұр.

Естеріңізге сала кетейік, В.Нибалиді дәл маңдайынан ара шағып алды деген ақпарат тараған болатын. Соның салдарынан «Астана» капитанының беті ісіп кетті.