Кездесу барысында дінаралық диалог пен қоғамдық келісім мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды.
Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев ішкі саяси тұрақтылық, дінаралық және этносаралық үйлесімді қамтамасыз ету мәселелері тікелей Қазақстан Республикасы Президентінің назарында екенін атап өтті. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің өмірдің барлық салаларына төзімділік принциптерін енгізу үдерісі кешенді әдіс екенін атап өтті. Тараптар әлемнің түрлі өңірлерінде мемлекетішілік және жаһандық деңгейдегі әртүрлі этникалық топтар мен дін өкілдерінің арасындағы қақтығыстың орын алуы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың әлсіреуімен тығыз байланысты екенін атады.
Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев БАӘ Ұлттық Федеральдық Мәжіліс төрағасының бірінші орынбасары Маруан бен Глейтпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы парламентаралық байланыстардың тұрақты дамуына көңілдері толатынын жеткізді. Министр БАӘ Ұлттық Федералдық Мәжілісінің елдің ішінде және халықаралық деңгейде толеранттылық, конфессияаралық және дінаралық диалог идеяларын кеңейту және нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. Бұған Біріккен Араб Әмірліктерінің діни төзбеушілік және кемсітушілікпен күресу, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес туралы заңдары дәлел.
Сондай-ақ, министр Дубай әмірлігінің Ислам және қайырымдылық істері департаментінің Бас директоры Хамад аш-Шейбанимен кездесті. Аталған құрылым қайырымдылық қауымдастықтар мен ислам институттарына лицензия беру, қоғамдағы діни сауаттылықты арттыру мәселелерімен айналысады. Хамад әш- Шейбани Дархан Кәлетаевқа ағымдағы жылдың 15-16 қарашасында Дубайда Халықаралық толеранттылық саммитін өткізуді ұйымдастыру бойынша жоспарларымен бөлісіп, Қазақстан делегациясының аталған саммитке қатысуына сенім білдірді. Сондай-ақ, департамент басшысы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Біріккен Араб Әмірліктерінің Бақыт Министрлігінің өкілдерімен кездесу барысында БАӘ тарапы бұл құрылымның қызметі туралы хабардар етті және қазақстандық әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін жеткізді.