Араб Әмірліктеріне демалуға барған елордалықтардың неден уланғаны белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктеріне демалуға барған елордалықтардың неден уланғаны белгілі болды. Оны бүгін Үкімет отырысынан кейін Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жұқпа болып шықты. Бірқатары сальмонеллезбен, енді біреулері стафилококкпен ауырған. 8 қазақстандық медициналық көмекке жүгінген, барлығы да астаналықтар. Олар инфекциялық ауруханаға жүгінген. Барлығы да емделіп, қазір ауруханадан шықты. Олар тұтынушылар құқығын қорғау органдарына аталған сапарды ұйымдастырған туристік оператордың үстінен шағым түсірмек», - деді ол.

Бұған дейін БАҚ-та Шарджа курортындағы (БАӘ) жаппай улану туралы хабарланған еді. Оқиға Sheraton қонақ үйінде болған. Зардап шеккендер қонақ үй мен туристік операторды сотқа беруді көздеп отыр.

21 мамырда Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы Шарджада уланған балалардың жағдайы туралы мәлімет таратты.