Араб баспагерлері авторлық құқықты бұзатын веб-сайттарды дерекқорға біріктіруді ұсынып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – 600-ден астам баспагердің басын қосқан Араб баспагерлерінің екі күндік VI конференциясы аяқталды. Екі күн бойы алаңда қызу пікірталас өтті, араб тілінің шындықтары, араб кітапханаларының болашағы, сөз бостандығы және қазіргі араб жазушылары мен баспагерлерінің араб тіліне қалай әсер ететіні талқыланды. Конференция қорытындысы бойынша қандай ұсыныстар әзірленгені туралы ҚазАқпарат тілшісі айтып береді.

Конференция қорытындысы бойынша нарықтағы электронды кітаптар мен аудиокітап платформаларының ұлғаюын ескере отырып, кітап жәрмеңкелерінің болашағын зерделеу ұсынылды. Осылайша баспагерлер қағаз кітаптар мен олардың цифрлық нұсқалары арасындағы дұрыс тепе-теңдікті таба алады.

Араб баспагерлерінің конференциясына қатысушылар зияткерлік құқықтарды қорғауға, авторлар мен баспагерлердің құқықтарын қорғау туралы заңдарды зерттеуге күш салуға шақырады. Сондай-ақ, конференцияға қатысушылар оқырмандарға кітаптардың заңсыз көшірмелерін ұсына отырып, авторлық құқық пен зияткерлік меншік туралы заңды бұзатын веб-сайттардың дерекқорын құруды ұсынды. Конференцияға қатысушылардың айтуынша, деректер базасы әр елдегі құзыретті органдарға осы сайттарға кіруді шектеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, баспагерлерге арналған оқу семинарларын қаржыландыру үшін өңірлік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату ұсынылды. Бұл қазіргі әлемдегі баспагерлердің имиджін арттыруға мүмкіндік береді. Ұсыныстардың бірі Үндістан мен Африка елдері баспагерлерінің тәжірибесін зерттеуге қатысты. Атап айтқанда, бұл елдер пандемия кезінде онлайн режимінде оқуды қалай басқарғанын, болашақта онлайн режимінде білім беру мазмұнына инвестиция салуға болатынын-болмайтынын анықтау ұсынылады.

Жалпы, араб баспагерлерінің конференциясына қатысушылар аймақтық және халықаралық деңгейде әртүрлі баспалармен, қауымдастықтармен және одақтармен ынтымақтастық орнатуға шақырады.

Айта кетейік, Шарджада (БАӘ) 41-ші Халықаралық кітап жәрмеңкесі ашылған күні өңірлік баспа индустриясының даму стратегияларына арналған Араб баспагерлерінің VI конференциясы өтті.

Араб баспагерлерінің VI конференциясы бір алаңда жетекші жергілікті және аймақтық баспагерлердің, мәдениет қайраткерлердің басын қосты. Биылғы конференция өңірлік баспа индустриясын дамытудың инновациялық стратегияларына арналған.