Араб елдері Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын тоқтатуға шақырды

Фото: Анадолы

Араб мемлекеттері лигасы Израильдің Иранға жасаған соққыларын айыптады және атысты дереу тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Анадолы.

Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) Израильдің Иранға жасаған әуе соққыларын қатаң айыптап, оларды дереу тоқтатуға, өңірдегі шиеленісті азайтуға және жан-жақты бітімге қол жеткізу үшін аймақтық әрі халықаралық күш-жігерді күшейтуге шақырды. Бұл туралы Ыстанбұлда өткен Араб мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін қабылданған қорытынды мәлімдемеде айтылған.

Құжатта Израильдің бұл әрекеттері «БҰҰ-на мүше мемлекеттің егемендігін ашық бұзу» ретінде бағаланып, бүкіл өңірдің тұрақтылығына қауіп төндіретіні атап өтілген. Кездесу қатысушылары Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерді қолдайтынын білдіріп, осы бағыттағы дипломатиялық күш-жігерді қайта жандандыруға үндеді.

Мәлімдемеде халықаралық қауымдастыққа, әсіресе БҰҰ-ға, Израиль агрессиясын тоқтату үшін жауапкершілік алуға шақыру жасалған. Бұл әрекеттер халықаралық құқықты бұзып қана қоймай, өңірлік қауіпсіздікке де қатер төндіріп отыр. Құжатта дағдарыстарды шешудің жалғыз жолы — БҰҰ Жарғысы аясындағы дипломатия мен диалог екені баса айтылған.

Араб дипломаттарының пікірінше, тұрақты бітімге тек қақтығыстың түпкі себептерін жойғанда, Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары тоқтағанда, БҰҰ арқылы жедел әрі тұрақты гуманитарлық көмек қамтамасыз етілгенде және Израильдің Батыс жағалаудағы заңсыз әрекеттері доғарылғанда ғана қол жеткізуге болады. Бұл әрекеттер екі мемлекет қағидаты бойынша шешімге қол жеткізу үмітін жойып отыр.

Министрлер Израильдің «аймақты одан әрі шиеленіске итермелеп отырғанын» айтып, халықаралық қауымдастықты Тель-Авивтің агрессивті саясатын тоқтату үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды. Сонымен қатар, олар 2002 жылы қабылданған «Араб бейбіт бастамасына» және халықаралық қарарларға негізделген әділетті әрі жан-жақты бейбіт шешімді қолдайтындарын мәлімдеді.

Құжатта халықаралық суларда еркін жүзу құқығына құрмет көрсету қажеттігі де ерекше атап өтілген. Бұл аймақтарда кез келген шабуыл жаһандық экономика мен энергетикалық қауіпсіздікке ауыр салдар әкелуі мүмкін екені ескертілді.

Кездесуге қатысушылар өңірдің әуе кеңістігін бұзуды айыптап, МАГАТЭ бақылауындағы ядролық нысандарға жасалуы мүмкін шабуылдардың ауыр салдарына — радиациялық ағып кету, гуманитарлық және экологиялық апат — назар аударды.

Сонымен қатар мәлімдемеде БҰҰ шешімдері мен Араб Лигасының алдыңғы саммиттерінде қабылданған қаулыларға сүйене отырып, Таяу Шығыста ядролық және жаппай қырып-жою қаруларынан азат аймақ құруға шақыру бар. Өңірдегі барлық ел ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуға үнделді.

Араб делегацияларын Ыстанбұлда қабылдау 21–22 маусым аралығында өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) сыртқы істер министрлерінің 51-сессиясы қарсаңында ұйымдастырылды. Жиын Түркия СІМ басшысы Хакан Фиданның төрағалығымен өтеді және «Өзгеріп жатқан әлемдегі ИЫҰ» ұранымен өтпек.

Айта кетелік Қазақстан СІМ басшысы ИЫҰ СІМК 51-ші сессиясына қатысты.