«Біз ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге, дайын тауарды нарыққа шығаруға дайынбыз. Біздегі өнім экологиялық таза, талапқа сай және бәсекеге қабілетті деп толық сеніммен айта аламын. Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешен, тауарды экспорттау мен туризм салаларында экономикалық тұрғыдан екі жаққа да тиімді ынтымақтастық орнатуды ұсынады», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Биылғы жылдың қаңтар айында солтүстікқазақстандық делегация Фуджэйра әмірлігінде болып қайтты. Онда тараптар бірқатар меморандумдарға қол қойған болатын. Қ. Ақсақаловтың айтуынша, Еркін экономикалық аймақтың бас директоры Шериф Аль Авади бастаған араб делегациясы ынтымақтастық жөніндегі ұсынысты қабыл алған.
Фуджэйраның көне заман және туризм орталығының директоры Саид Аль Самахи Фуджэйра әмірлігі туризм, агроөнеркәсіп кешені және мәдениет салаларында өзге де аймақтармен байланыс орнатуды қалайтынын айтты.
«Солтүстік Қазақстан облысының климаты БАӘ үшін жазғы маусымда өте қолайлы болып келеді. Бізде ауа райы ыстық болғандықтан, бұл жақтар біздің азаматтар үшін демалуға жақсы. Ал БАӘ үшін авгроөнеркәсіп кешенінің маңызы зор. Біз неғұрлым көп нысандарды аралағымыз келеді. Елге оралған соң, БАӘ-нің кәсіпкерлері мен әріптестерімізге жиналған ақпарат жайлы баяндаймыз. Сондай-ақ, жобаларды жүзеге асыру үшін шикізат өнімдері жайлы көбірек мағлұмат алуға тырысамыз», - деді Саид Аль Самахи.
Кездесу соңында тараптар 5 меморандумға қол қойды. Делегация өңірдегі бірқатар өңдеуші кәсіпорындарды аралап, элеватор мен салынып жатқан мешітке баруды жоспарлап отыр.