Араб мемлекеттері ХАМАС-тан қарусыздануды және биліктен бас тартуды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Араб мемлекеттері алғаш рет Газа секторын бақылауды Палестина әкімшілігіне беру туралы ұстанымды жария түрде мақұлдады.
Қатар, Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания және Түркия ХАМАС-ты қарусыздандыруға және Газа секторындағы биліктен бас тартуға шақыратын декларацияға қол қойды.
Нью-Йорк декларациясы деп аталатын құжат БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Израиль мен Палестина қақтығысы мәселесіне арналған конференцияның қорытындысы бойынша қабылданды.
Мәлімдемені 17 ел, сондай-ақ Еуропа одағы мен пен Араб мемлекеттері лигасы қолдады.
Бұл мәлімдеме — Араб мемлекеттері лигасы мүшелерінің ХАМАС-ты алғаш рет бірлесіп айыптауы.
Соғысты тоқтатуға арналған үндеу
Декларацияда Израильдің Газадағы бейбіт тұрғындар мен инфрақұрылымға жасаған соққысы, гуманитарлық көмекке шектеу қоюы, Батыс жағалауда елді мекен салуы және қоныстанғандар тарапынан болған зорлық-зомбылық айыпталған. Құжатта Израильді палестиналықтардың тәуелсіз мемлекет құру құқығын тануға және араб аумағын, соның ішінде Шығыс Иерусалимді басып алуын тоқтатуға шақырады.
Сондай-ақ ол араб елдерінің біртұтас ұстанымына тоқталды:
— Араб елдері алғаш рет ХАМАС-ты қарусыздандыруға, оны Газа секторын басқарудан шығаруға шақырды және Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге дайын екендіктерін мәлімдеді, — деді министр.
Дегенмен, Израильдің өзі және оның негізгі одақтасы АҚШ конференцияға қатыспады. Израильдің шенеуніктері декларацияның мазмұнын сынап, қазіргі жағдайда Палестина мемлекетін құру мүмкіндігін жоққа шығарды.
Ал Ұлыбритания мен Франция қыркүйекте Палестина мемлекетін мойындау ниеттерін жариялады.
Өткен аптада Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны мойындайтынын жариялады.
Жақында бұл бастамаға Ұлыбритания үкіметінің басшысы да қосылды. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль алдағы сегіз апта ішінде атысты тоқтатуға және ұзақ мерзімді бітімгершілік процесіне келіспесе, Ұлыбритания қыркүйектегі кездесуге дейін Палестина мемлекетін мойындайтынын айтты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Газаның қоршаудағы секторындағы бүкіл халық өткір азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр. Бұл туралы БҰҰ жариялаған «2025 жылғы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану» атты баяндамада айтылған.
Жақында Кир Стармер Газадағы жағдайға байланысты министрлер кабинетінің шұғыл отырысын шақыратынын жазған едік.
Осыған дейін Газа секторында аштықтан қайтыс болғандар саны 127 адамға жеткені мәлім болды.