Араб «шенгені» жақын арада іске қосылады

Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM — БАӘ экономика министрі Абдалла бен Тука әл-Марридің мәлімдеуінше, Парсы шығанағы елдеріне ортақ бірыңғай туристік виза мақұлданып, жақын арада енгізілмек. 

AZƏRTAC шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, бұл бір реттік бірыңғай виза шетелдік туристерге Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесіне (ПШАМЫК) мүше барлық алты елге – БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Катар, Оман және Кувейтке – бір ғана құжатпен кіруге мүмкіндік береді. Бұл жаңалық өңірдің туризм саласы үшін үлкен ілгерілеу ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, ол жаңа жұмыс орындарын ашып, ЖІӨ-нің өсуіне айтарлықтай үлес қоса алады.

Бірыңғай визаның енгізілуімен іскерлік және демалыс сапарларын біріктіретін аралас саяхаттардың танымалдығы артады деп күтілуде. Туристер енді тек іскерлік мәселелерді шешіп қана қоймай, көршілес елдерді де аралап, сапарларын мазмұнды әрі қызықты ете алады.

Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің Статистикалық орталығының деректері бойынша, 2023 жылы өңірге 68,1 миллион қонақ келген. Туризмнен түскен табыс 10,4 миллиард доллар болып, пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 42,8%-ға артқан.

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің (WTTC) деректеріне сәйкес, БАӘ-де туризм секторының экономикаға қосқан үлесі артып келеді. Бұл салада 2023 жылы 833 мың адам жұмыс істеген. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллионнан асады деп жоспарланып отыр. Осылайша, елдегі әр тоғызыншы адам қонақүй және туризм саласында еңбек ететін болады.

Өңірдің басты туристік орталығы саналатын Дубай 2025 жылдың алғашқы төрт айында 7,15 миллион турист қабылдады. Бұл 2024 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7%-ға көп.

Айта кетелік Марокко 7,2 миллион турист қабылдап, жаңа рекорд орнатты