Араб шейхы жеке аралына өзінің атын 4 шақырымдық әріптермен ойып жазды

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Арабтың шейх-миллиардері жеке меншігіндегі аралдағы құмға өзінің атын 4 шақырымдық әріптермен ойып жаза отырып, даңқын асқақтатуға бел буды, деп хабарлайды Neftegaz.ru.

Тіпті ғарыштан және Google Map карталарынан көруге болатын теңдессіз «қолтаңба» Абу-Дабиден бес шақырым қашықтықта жатқан Парсы шығанағында пайда болды.

HAMAD жазуы оған тиесілі әл-Футаиси аралындағы құмға бір шақырым биіктікті құрайтын әріптермен ойылып жазылды, жазудың ұзындығы 4 шақырымға жуықтайды, деп хабарлайды The Sun газеті.

Жұмысшылар аралға Хамад бен Хамдан аль-Нахьян шейхының атын жазу үшін жіберілді. Жазудың үлкендігі сонша, аралға кейбір әріптер сыймай қалды. Олардың сұлбасын жасау үшін әріптердің бір бөлігін судан қоршауға тура келді.

63 жасар шейхтың әл-ауқаты 22,6 млрд долларды құрайды. Оның байлығы тек Сауд Арабиясының королінен ғана аз.