Араб тілінде «Елбасы - Мемлекет негізін қалаушы» журналы шығарылды

ӘБУ-ДАБИ. 28 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшілігі «Елбасы - Мемлекет негізін қалаушы» атты араб тіліндегі журналын жарыққа шығарды.

Аталған басылымда Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің «Тарихи таңдау», «Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті тірегі», «Біз дұрыс бағытты таңдадық», «Н.Ә.Назарбаев - дінаралық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі үлгісін қалаушы», «Есімі тарихта», «Бейбітшілік пен татулықтың мекені, үйлесім мен айқындықтың заманы» атты мақалалары енді. Сонымен қатар, Елшіліктің осы журналы арқылы араб оқырмандары Елбасымыздың «Дағдарыстан шығу кілті» және «Бесінші жол» атты мақалаларымен де таныса алады.

1 желтоқсанда қазақстандықтар атап өтетін Тұңғыш Президент күні мен 2 желтоқсанда Әмірліктер халқы тойлайтын ұлттық мейрам тұспа-тұс келіп отыр. Осы мереке күндері БАӘ Мәдениет, жастар және қоғамды даму жөніндегі министрліктің шақыруымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттің «Томирис» би тобы Әбу-Даби, Дубай және Шаржа қалаларында өнер көрсететін болады.