Сәрсенбі күні Амманда Иерусалим мен ондағы қасиетті орындарды қолдауға арналған араб және ислам елдерінің министрлер кездесуі өтті. Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдап, Израильдің Шығыс Иерусалимдегі әрекеттеріне жауап ретінде халықаралық күш-жігерді күшейтуге келісті.
Кездесу Иорданияның шақыруымен Шығыс Иерусалимдегі ахуалдың шиеленісуіне байланысты ұйымдастырылды.
Иорданияның сыртқы істер министрі Айман ас-Сафадидің айтуынша, Израильдің әрекеттері салдарынан қала мен Әл-Ақса мешіті орналасқан кешен төңірегіндегі жағдай бұрын-соңды болмаған қауіпті деңгейге жеткен. Амманның бағалауынша, бұл әрекеттер ислам және христиан діндеріне тиесілі қасиетті орындардағы тарихи қалыптасқан мәртебе-квоға қауіп төндіреді.
Кездесуге Иерусалим мәселесі жөніндегі Араб министрлік комитетіне мүше елдердің сыртқы істер министрлері, Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы, сондай-ақ Индонезия, Пәкістан, Түркия және Малайзия өкілдері қатысты.
Комитет – Араб мемлекеттері лигасы жанындағы Иерусалим мәселесі бойынша халықаралық дипломатиялық жұмыстарды үйлестіретін арнайы тетік. Оның құрамына Иордания, Мысыр, Сауд Арабиясы, Марокко, Катар, Ирак, Алжир, Тунис, Сомали, Палестина және Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы кіреді.
Бірлескен мәлімдемеде тараптар Шығыс Иерусалимде және ислам мен христиан діндеріне тиесілі қасиетті орындар аумағында болып жатқан «қауіпті әрі бұрын-соңды болмаған шиеленісті» талқылағаны айтылған. Сонымен қатар одан әрі бірлескен дипломатиялық қадамдарды үйлестіруге келіскен.
Кездесу қорытындысында тараптар Израильдің Шығыс Иерусалимнің тарихи, құқықтық және демографиялық мәртебесін өзгертуге бағытталған әрекеттерін айыптады. Олар Шығыс Иерусалимнің басып алынған Палестина аумағының бір бөлігі әрі екі мемлекет құру қағидатына негізделген шешім аясында болашақ Палестина мемлекетінің астанасы екенін тағы да мәлімдеді.
Мәлімдемеде Әл-Ақса мешітіне (Әл-Харам аш-Шариф) қатысты жағдайға ерекше назар аударылды. Қатысушылар Израиль министрлері мен қоныстанушылардың кешен аумағына жиі кіріп жүргенін, құлшылық етушілердің кіруіне қойылған шектеулерді, Иорданиялық вакфтың қызметіне кедергі келтіруді және тарихи қалыптасқан мәртебе-квоны өзгертуге бағытталған кез келген әрекетті, соның ішінде кешен аумағын уақытша немесе кеңістіктік тұрғыдан бөлу мүмкіндігін айыптады.
Министрлер Иерусалимдегі ислам және христиан қасиетті орындарының тарихи қамқоршысы ретіндегі Иордания Хашимит корольдігінің рөлін қолдайтынын тағы да растады. Сондай-ақ Әл-Ақса кешенін басқару тек Иорданияның Вакф, ислам істері және қасиетті орындар министрлігіне қарасты Иерусалим вакфтар департаментінің құзыретінде қалатынын мәлімдеді.
Сол күні Иордания королі Абдалла II кездесу қатысушыларын қабылдады. Ол араб және ислам елдерін Иерусалимдегі, өз сөзімен айтқанда, бұрын-соңды болмаған заңбұзушылықтарды тоқтату үшін ортақ ұстаным қалыптастыруға шақырды. Король Иордания Хашимит қамқорлығы аясында ислам және христиан қасиетті орындарын қорғаудағы тарихи әрі құқықтық рөлін жалғастыра беретінін айтты.
Сонымен қатар кездесу қатысушылары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін Израильдің Шығыс Иерусалимдегі заңсыз әрекеттерін тоқтату үшін шаралар қабылдауға үндеді. Тараптар бірлескен халықаралық науқан бастауға да келісті.
Атап айтқанда, қасиетті орындар мен құлшылық етушілерге қатысты болжамды заңбұзушылықтарды құжаттайтын тұрақты тетік, оның ішінде арнайы медиа-платформа құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ министрлер қыркүйек айында Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасының бірлескен кездесуін өткізуді ұйғарды.
Аммандағы кездесу қыркүйекте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы қарсаңында араб және ислам елдерінің ортақ ұстанымын қалыптастыруға бағытталған дайындық жұмыстарының алғашқы кезеңі болды. Сол жиында тараптар Иерусалим төңірегіндегі ахуалды талқылауды жалғастырмақ.
Еске салайық, бұған дейін Иордания Ираннан корольдікке шабуыл жасауды тоқтатуды талап еткенін хабарлағанбыз.