ОРАЛ. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданының тұрғыны өз әкесіне ауыр дене жарақатын салып, оны өлтіріп алғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Батыс Қазақстан облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Шыңғырлау ауданына қарасты ауылдардың бірінде әкесі, баласы және отбасының досы бірге ішімдік ішкен. Кешке қарай досы кетіп қалған соң, әке мен ұлдың арасында ұрыс-керіс туындап, оның барысында отағасы ұлын соғып жіберген. Бұл көңіліне қатты тиген 43 жастағы азамат әкесінің басына жауапты соққы жасайды. Сот-медициналық сараптама көрсеткеніндей, үй иесі осы соққының салдарынан көз жұмған.
Шыңғырлау аудандық соты азаматты ҚР ҚК-нің 103-бабы 3-бөлімі бойынша айыпты деп таныды. Сотталушы жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).