Арақ құйылған шөлмекке екі айға салынған жылан тірі қалған және адамды шағып алған

ШАНХАЙ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат – Ұшқан құстан бастап, жорғалаған жыланға дейін жейтін қытайлықтарда бұрын болмаған оқиға орын алды.

Арақ құйылған шөлмекке екі айға салынған жылан тірі қалған және онымен қоймай, екі айдан кейін шөлмекті ашқан адамды шағып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Қытайдың "Чайна дейли" басылымының жазуынша, бұл оқиға Хубей провинциясының орталығы ? Уахани қаласында болған. Қытайлықтар түрлі ауруларды емдеу үшін жер бетіндегі барлық жәндіктен тұнбалар жасағанды жақсы көреді. Әсіресе, жыланнан жасалған тұнбаны емдемейтін ауруы жоқ. Білетіндердің айтуынша, жыланның запыраны ер азаматтардың потенциясын арттырады, көздің көруін, қан айналымын жақсартады, қан қысымын төмендетеді және аллергиядан да көмектеседі екен. Біздің оқиғаға арқау болған «кейіпкер» де шөлмекке осылайша түсіп қалады. Чжан деген азамат ревматизмін дәстүрлі қытай медицинасымен емдемек болып, базарға барады да, жылан мен түрлі емдік шөптер сатып алады. Осының барлығын шөлмекке салып, үстінен Қытайдың ащы арағын құяды. Екі айға тұндырып қойған дәрісін ашқан кезде, әлгі азамат жыланның өзін шағып алатын білді ме екен? Бірақ, оқиға дәл солай болады. Шөлмектің тығынын қатты жаппаса керек, ішкі ауа кіріп тұрған. Бәрін айт та, бірін айт, ревматизмін емдеймін деп ем-дом іздеген Чжан, жыланның уытын қайтаратын дәрі іздеп, ауруханаға шұғыл барған.