Арал Атлантидасы: Теңіздің табанындағы қала жайлы не білеміз
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Арал теңізінің орнында бір кездері гүлденген қалалар мен сәулет ескерткіштері болған. Археологтер сол тізімдегі Арал асар және Кердері кесенелерін бірегей жәдігер санайды.
Тарихта Арал теңізінің бұған дейін үш мәрте тартылып, қайтадан кемеріне жеткені айтылады.
– ХІІІ ғасырдың басында моңғол шапқыншылығы кезінде өзеннің төменгі ағысындағы суландыру жүйесі бұзылып, Әмударияның ірі сағалық салалары қайта бұрылды. Келесі осындай өзгеріс шамамен Хорезмді Әмір Темір басып алғаннан кейін болды. Оның әскері каналдар мен су бұру жүйелерін толығымен бұзды. Теңіз жағалауы ақыры кері кетті. Бұл – шамамен ХІV ғасырдың аяғы, – дейді Ә. Марғұлан атындағы Археология институты Астана қалалық филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.
Археолог Тәңірберген Мәмиев біршама жыл бұрын: «2000 жылы Арал теңізінің кепкен табанынан шыққан жәдігерлер жергілікті тұрғындарды дүр сілкіндірді», - деп жазды.
Бұл ғалымдар назарын өзіне бұрмай қоймады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары мен студенттерінен құралған Арал экспедициясы көп ұзамай жұмбақ мекенге сапарға аттанды. Экспедицияны университеттің археология және этнография ғылыми орталығының сол кездегі жетекшісі Әзілхан Тәжекеев басқарды.
– 2001 жылы алдыңғы жағалау сызығынан 100-120 шақырым шегінген Арал теңізінің құрғақ түбінде тас пен күйдірілген кірпіштен салынған монументалды ғимарат табылды. Алғашқы ізденіс жұмысы барысында кесене XII-XIV ғасырларға, кейінірек бұл мерзім нақтыланып, XIV ғасырға жатқызылды. Бұл жерде ортағасырлық қоныстың, үлкен ғимараттың жанындағы қорымның, тастан және күйдірілген кірпіштен салынған кесененің табылуы қайтадан тартылып жатқан Арал түбіндегі археологиялық ескерткіштерге ғалымдар назарын аудартты. Ортағасырлық жазба деректерде Арал Кердері теңізі деп аталғаны белгілі. Сондықтан Арал теңізінің кепкен табанынан табылған бұл ескерткішке Кердері кесенесі атауы берілген, – дейді ол.
Археолог Арал асардың бекініссіз ортағасырлық қоныс, яғни ірі ауыл болғанын айтып отыр. Өйткені бірнеше ғасыр өмір сүрген қоныста бекіністі дуалдардың ізі, жалпы жоспары жоқ. Ғалымның сөзінше, бұған оның 500-600 жыл бойы 30 метрге жуық терең судың астында жатуы себеп болуы мүмкін. Бірақ саз кесектен тұрғызылған үйлердің сұлбасы сақталған.
– Арал ауданының Қаратерең ауылынан 62 шақырым жерде орналасқан қоныс құрылысының қам кесектен тұрғызылған үйлерін теңіз суы толықтай жуып-шайып кеткен. Кезінде қала арқылы өтетін ені 2-2,5 метр су жүрген канал ізі сол заманда мұнда ирригациялық жүйенің болғанын айғақтайды. Ортағасырлық тұрғындар Сырдария өзенінің сағасынан су тартқан болуы мүмкін, – деді Әзілхан Тәжекеев.
Экспедиция өкілдері қоныс тұрғындарының негізгі кәсіптерінің бірі – егін егу деп топшылады. Арал асар тұрғындары, әсіресе, күріш өсіруге бейім болған сияқты. Археологтер ол жерден диірмен тастар, бөлмелерден ұн, астық сақтауға арналған ыдыс, ұн өндіретін диірменді көптеп тапқан.
Теңіздің кепкен табанынан табылған, XIV ғасырға тиесілі Кердері қаласының жәдігерлері бүгінде Арал ауданының Арал қаласындағы Балықшылар музейінде сақтаулы тұр. Оның арасында Алтын орда кезеңінің темір монеталары, қыш ыдыстары, алтын бұйымдары мен диірмен тастары бар.
– Бұған дейінгі араб жазбаларында Аралды Көк теңіз деп атаған. Дүние жүзі бойынша төртінші орында тұрған. Тазалығы, мөлдірлігі және сұлулығы жөнінен Эгей теңізімен ғана таласа алатын болған. Сөйткен теңіз ХІІ ғасырда да дәл қазіргідей тартылып, табанында сексеуіл өсе бастаған. Сол кезде Арал асар және Кердері қалашығы салынған. ХV ғасырда арнасына қайта толған делінеді. Ол – табиғи құбылыс, ал соңғы тартылуы қолдан жасалған апат екені айтылып жүр. Өйткені өткен ғасырдың 30-жылдары Орта Азия жерінде су каналдарының ірі ауқымды құрылысы жүргізіліп, мақта және күріш өсіру алқаптарына каналды бұру барысында теңіз баяу тартыла бастаған, – деді музейдің ғылыми қызметкері Тұмар Өмірзаққызы.
Біз бұған дейін Сыр өңіріндегі тарихи мұралардың сақталу жағдайы, олардың қорғалуы және жергілікті тұрғындардың көне мұраларға тигізген зардабы жөнінде жазғанбыз.