Арал ауданында 101 млн теңгеге екі дәрігерлік амбулатория бой көтерді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биылғы жыл медициналық қызмет көрсетуде 80 мыңнан астам халқы бар Арал ауданының тұрғындары үшін сәтті басталуда.

 Денсаулық сақтау саласы бойынша бірнеше жаңалықтар орын алып, медициналық көмектің қолжетімділігі артуда. Бүгін Арал ауданының   Аманөткел, Қаратерең ауылдарында жаңадан салынған дәрігерлік  амбулаториялар пайдалануға берілді, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Құны 101 млн теңгеден астам қаржыны  құрайтын ғимарттар заман талабына сай жабдықталған. Дәрігерлік амбулаторияларда 15 медицина қызметкері жұмыс жасайды.  10 төсек орынға арналған күндізгі емдеу бөлімі ашылған, дәрі-дәрмектермен толық қамтылған.

Емдеу мекемелерінің салтанатты ашылуына қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мен Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев, сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесті. Жергілікті атқамінерлер ауылдықтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдай отырып, келер жылдан бастап енгізілетін  міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға байланысты туындаған сауалдарға жауап берді.

Басқарма басшысы осы күні, сонымен қатар  аудан орталығында болып, көптен бері мезгіл мәселесінен түспей тұрған, 150 орындық аудандық аурухана құрылысының басталу жұмыстарымен танысты. Құрлысқа республика бюджетінен 4 млрд теңге қаражат бөлінген. Осылайша апаттық жағдайда тұрған аудандық аурухананың мәселесі шешіліп отыр.

Және бір жаңалық, Арал қаласында  облыстық наркология орталығының филиалы   жаңадан ашылып, емдеу орнында  20 медицина қызметкері жұмыспен қамтылды.  

Сонымен қатар, ақпан айының басында Арал аудандық ауруханасы жанынан мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік аясында «жасанды бүйрек» бөлімі ашылып, қазіргі уақытта осы сырқатқа шалдыққан 12 науқас емдерін қабылдауда. Бұл - аптасына 3 рет ем алуға тиісті жандардың облыс орталығына барып, ем қабылдауларын жеңілдетіп отыр.

Басқарма басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» аясында,  міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға байланысты туындаған сауалдарға кеңінен тоқталып өтті.  Арал ауданда денсаулық сақтау мәселелерінің  шешімін тапқандығы және алдағы кезеңдерде медициналық ұйымдардың заманауи жабдықталуы, мамандармен қамтамасыз етілуі жолға қойылатындығы атап өтілді.