Арал ауданында адам өлтірген 32 жастағы қарақшы Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталуда

ҚЫЗЫЛОРДА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында тұрғын үйге ұрлыққа түсіп, адам өлтірген 32 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Ерқанат Сәрсенбай хабарлады.
Полиция қызметкерлері кісі өліміне қатысы бар күдіктіні көп ұзамай ұстады. Ол Арал ауданының 1981 жылы туған тұрғыны болып шықты. Күдікті 13 мамыр күні Арал қаласындағы темір қабылдайтын бір үйге барып, ала келген металын өткізеді. Осы уақытта күдікті металл қабылдайтын үй иесінің темірлерді жүк көлігіне артып, өткізуге дайындап жатқанын көреді.Және екі күннен соң оларды өткізіп, үйіне ақшамен оралатынын білген.
Сол күні түнде қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін темір қабылдаушының үйіне келеді. Шарбағынан секіріп түскен ол үй телефонының сымын үзіп, терезені қағады. Үй иесі шыққан кезде күдікті жүрек тұсынан бір мәрте ұрып, дене жарақатын салған. Мұнан соң екі рет пышақ сұққан. Жәбірленуші үйінен алып шыққан тапаншасымен ата бастағанда, күдікті оның кеудесіне тағы да пышақ салады.
Болған оқиғаны көріп тұрған жәбірленушінің әйелін байқаған күдікті үйге жүгіре кіріп, есіктің ілмешегін жұлып ашады. Сосын екінші бөлменің есігін бекітіп алған әйелді қорқыта бастайды, өлтірмекке әрекет жасайды. Осы кезде жәбірленушілердің көршісі келіп, қақпаны ұрады, күдікті оқиға орнынан қашып кетеді.
Күдікті бүгінгі таңда қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігінің «в», «г» тармақтарымен және 96-бабы 2-бөлігінің «д» тармағымен, 24-бабы 3-бөлігі, 96-баптың 2-бөлігі «з», «к» тармақтарымен қылмыстық іс қозғалды.