Арал ауданында есірткі сатумен айналысқан адам бес жылға бас бостандығынан айырылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал аудандық соты Сексеуіл елді мекеніндегі жанар май құю бекетінің иесін есіркі заттарын сатқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз хатшысы Салтанат Смағұлова мәлімдеді.

Жазаға тартылған адам былтыр 6 қарашада Қызылорда облыстық Кедендік бақылау департаментінің контрабандаға қарсы күрес басқармасы және Арал аудандық ішкі істер бөлімінің бірлескен жедел іздестіру шаралары кезінде есірткі сатып тұрған жерінде ұсталған болатын. Табылған марихуананың жалпы салмағы, сот криминалдық сараптама анықтағандай, 40,33 граммды құраған еді.

Енді өзгені есірткіге еліткен азамат Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259 бабымен бас бостандығынан айрылды.