Арал ауданында оқу жылы қарсаңындағы «Мектепке жол» акциясы басталды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Арал ауданында жылдағы дәстүрге сай жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы басталды.

Ауданда биыл бесінші жыл жүргізіліп жатқан шараның тұсаукесері аудан орталығындағы №262 мектеп-гимназияның акт залында  өткізілді. Акцияны ашқан аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаев шараның мән-маңызына тоқталды.

Ауданда «Мектепке жол» акциясынан бөлек, аудан әкімінің шыршасында жыл сайын тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 150 балаға көмек көрсетіліп келеді. Биыл жалпыға бірдей оқу қорынан ата-ана қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, көп балалы отбасы балаларына 93 млн. 590 мың теңге қаржы бөлініп, 79 млн. 535 мың теңгеге 3717 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге «Ұландар» лагерінде 500, мектептер жанындағы күндізгі лагерьлерде 2740 бала тынықты. 

Жыл сайын аудан әкімінің отбасы атынан қайырымдылық көрсетіп жүрген аудан әкімінің жұбайы Лида Өтемұратова биылғы жылғы акцияда 100 мың теңгеге 1 сыныпқа баратын 15 қыз балаға оқу формасымен, сөмке және оқу құралдарын тапсырды. «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А. Жоланов М. Жұмашевтің атынан 100 мың теңгеге 15 қыз балаға оқу формасымен, сөмке және оқу құралдарын тапсырды. №83 орта мектепке баратын Әсем Жанболатова ел ағаларының иігілікті ісіне алғысын білдірді. 

Аудан әкімінің орынбасары Т. Дәрменов жыл сайынғы қамқорлық шараларында белсенділік танытып жүрген «Дәулетэнерго» ЖШС директоры Қ. Ердіхалықовтың атынан 50 мың теңгеге №14 мектеп-лицейдің 10 оқушысына оқу формасы мен қыз балаларға аяқ киім табыс етті. 

Игі бастамадан жеке кәсіпкерлер де шет қалған жоқ. К.Қыздарбекова, Т. Бисенбаевтардың атынан аудан әкімінің орынбасары Е. Райымбетов 100 теңгеге оқу құралдарын тарту етті. Сонымен бірге, акцияның аясындағы «Жолашар» акциясында мүмкіндігі шектеулі балаларға аудандық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы ұжымы, халыққа қызмет көрсету орталығы аудандық филиалының ұжымы, жеке кәсіпкер С.Ибраимовтар барлығы 20 баланы 80 мың теңгеге оқу құралдарымен, сөмкемен қамтамасыз етті. Жалпы, бүгінгі акцияда 400 мың теңгеге 80 бала оқу құралдарымен, сөмке және мектеп формасымен қамтылды.