Бүгін аталмыш аудан орталығында осы оқиғаға байланысты ресми шара болып өтті.
Көшербай Дәрібаев 1892 жылы дүниеге келген. Саналы ғұмырын мал шаруашылығын өркендетуге арнаған адам. Ол жылқы малын өсіріп, көбейтудегі ерен еңбегі үшін 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атаққа қол жеткізген. Ел игілігін еселеу жолында есепсіз еңбек сіңірген ардагерден тараған ұрпақтар да кейін осы жолды жалғастыра білді. Ақсақалдың бел баласы Елеу Көшербаев Қызылорда облысының бірнеше ауданын басқарып, қоғам қайраткері атанды, артында жарқын ізін қалдырды. Ал Еңбек Ерінің бір немересі Қырымбек Көшербаев министр де болды, екі облысқа әкім болып та үлгерді. Қазір Маңғыстау облысының әкімі. Ал Айтбай Көшербай болса, Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі. Бұдан кейінгі екі немересі де ат арқасына мінген атпал азаматтар. Кенже ұлы Нағмедин Дәрібаев көп жылдардан бері Қызылорда электр қуатын тарату жүйесінде басшылық қызметте жүр. Олардың бәрі де аталмыш шараға бір кісідей келіп қатысты.
Еңбек ардагерінің атына көше беруге арналған рәсімнен кейін марқұмның рухына арналған ас беріліп, құран оқылды. Ал көше бұрышында арнайы белгі қойылды.