Арал-Каспий автожолы 2028 жылы салынып бітеді – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылдың соңына дейін ел шекарасындағы 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ Президент тапсырма берген автожолдар құрылысы да қолға алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, министрлік республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолына бірыңғай сапа талаптарын енгізеді. Жол сапасы жобаны жоспарлаудан бастап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының барлық кезеңінде, сондай-ақ нысанды пайдалануға бергенше бақыланады.

– Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Арал-Каспий автожолы. Оның құрылысы биыл тамызда басталды. Жобаны 2028 жылы аяқтау жоспарланған. Ал Көкшетау-Петропавл автожолының учаскесінде биыл дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылы басталады, – деді Талғат Ластаев Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, ел шекарасындағы 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Оларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Көкшетау — Петропавл» тас жолын кеңейтуді тапсырған еді.

«Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.