Арал теңізінде камбала балығының азайып бара жатқаны байқалады
Бұл туралы Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейіндік инспекция бастығының орынбасары Арман Өтепов мәлімдеді.
- Арал теңізі тартыла бастаған шақта әкелінген бұл балық түрі жергілікті жағдайға тез бейімделе бастаған еді, - дейді ол. - Ресейдің Азов теңізінен арнайы жеткізілген ол тұзды суды мекендейтін және көбейе беретін санаулы балықтың бірі болатын. Сондықтан Аралдың табаны тарылып, айдыны тартылып, тұзы молая бастаған тұста әкелінген тұқым бұл жерді жатсынған жоқ. Қызығы сол, Аралға Сырдариядан тұщы судың құйылуы артып, теңіз суының тұзы азая бастаған шақта камбала өзін қоярға жер таппай қалған сияқты. Теңіздің қайта қалпына келуі оған кері әсер ете бастады. Бүгінде мұндағы камбала балығы да өз азығынан айрылып, ұсақталып, көбеюін тоқтатты.