Арал теңізіне балық аулауға шыққан екі адам суға кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Арал теңізіне балық аулауға шыққан екі адамның қайығы аударылып, суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Арал ауданына қарасты Ақеспе елді мекені тұсында, Арал теңізінде болған.

«Аталған ауылда тұратын 1969, 1971 жылғы азаматтар балық аулауға шыққан. Белгісіз себеппен қайық аударылып, екеуі суға кетті. Олардың жансыз денесін бірге жүрген өзге адамдар жағаға алып шыққан», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Айгүл Нұрманова.

Арал ауданы әкімдігінің хабарлауынша, олардың мәйіттері отбасыларына жеткізілді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада дарияға көлігімен түсіп кеткен жігіттің мәйіті табылғанын хабарлаған болатынбыз.