Аралас жекпе-жек: Азат Мақсұм жеңіліп көрмеген бразилиялықты жықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда аралас жекпе-жектен өтіп жатқан Octagon 39 турнирінде басты айқаста Азат Мақсұм (15-0) мен бразилиялық Фабрицио Нуньес (8-0) кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

А.Мақсұм жекпе-жекті белсенді бастап, бірінші раундтың соңына 10 секунд қалғанда қарсыласын буындыру әдісімен жеңді.

Айта кетсек, қазақстандық спортшы былтыр әлемнің белді промоушені – UFC-дегі дебюдті жекпе-жек өткізудің аз-ақ алдында тұрған еді. Алайда қолы сынып, Американың аталған ұйымымен келісімшартқа қол қоюды кейінге қалдыруға тура келді. Азат Мақсұмның командасы оның UFC-дегі алғашқы айқасы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өтуі мүмкін екендігін айтты.

Еске салайық, Алматыдаға Octagon 39 турнирінде бұған дейін қазақстандық Бауыржан Қалмұрзаев ресейлік файтер Константин Чередниченкомен (15-19) кездесіп, оны 20-секундта нокаутқа жіберді.

Сондай-ақ қазақстандық Жансерік Жақсығұлов та түрік Фатих Шентуркті (2-1) нокаутпен жеңді.

Қазақстанның тағы бір спортшысы – Әлішер Ғабдуллин әзербайжандық Серхан Валилимен (8-4) кездесті. Ғабдуллин қарсыласын буындыру әдісімен жеңді.