Аралас жекпе-жек: Болат Қиялов Мәскеуде өтетін «Битва 19» халықаралық жарысына қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аралас жекпе-жек бойынша (ММА) қазақстандық Болат Қиялов Мәскеуде өткізілетін «Битва 19» халықаралық жарысына қатысады.

11 маусым күні Мәскеу қаласының Лужники «Россия» МОКЗ-ның аренасында болатын бәсекеге түрлі елдерден келген аралас жекпе-жектердің саңлақтары қатысқалы отыр.

Болат Қиялов әлем чемпионатының қола жүлдегері және тай боксынан Қазақстан чемпионы, сондай-ақ Қазақстанның грэпплинг бойынша күміс жүлдегері болып табылады. Жарыста оның қарсыласы - «Барс» СК-ның (Қалмық республикасы) атынан шығатын ресей спортшысы Баир Штепин.

«Болат - болашағынан үміт күттіретін спортшы. Бұрын тай боксында бағын сынап жүрген болатын, бірақ ММА әлемде жоғары бағалануына байланысты біз осы спорт түрін таңдадық. Болат Тайландта, Тайгерде («Тайгер Муай Тай және ММА» жаттығу лагері) үш айлық жиынға қатысқан, ол мықты чемпиондарды даярлайтын орын екенін де білеміз. Қазіргі кезде салмақ қосудамыз. Бұл жарыста жеңіске үміттіміз. Ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді MMA Academy Kazakhstan жаттықтырушысы Диас Қабдулов Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

«Біз тек жеңісті ғана көздеп отырмыз, жұдырықтасу алдында жақсы жиыннан өттік, қарсыласымызды білеміз, жоспар құрып алдық.Сондықтан ендігі міндетім - тек жан аямай барды салу», - деп атап өтті Болат.