АРАЛАС ЖЕКПЕ-ЖЕК: Расулға кеткен есемді қайтарамын - Ержан Естанов
Оның айтуынша, екі жігіт те бұл сайысқа дайын.
«Өздеріңіз білесіздер алғашқы кездесу бұдан 2 жыл бұрын өткізіліп, Рәсүл Мырзаев жеңіске жеткен болатын. Енді міне, көптен күткен қарымта матч өткізіледі. Бұл туралы талай рет жазылды да. Өткен жолы Рәсүл жаттығуда жарақат алып қалуына байланысты келе алмады. Мұны растау үшін ол бізге арнайы бейнебаян да жіберген болатын. Енді міне, Рәсүл қасымызда. Сайыс туралы айтатын болсақ, бір жекпе-жекте жеңіліс кейде кездейсоқ болуы мүмкін. Алайда бір қарсыласпен екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіліс тапсаң.., демек бұл жерде бір спортшының деңгейі екіншісінен жоғары деген сөз. Мұны мойындау керек. Ал егер Ержан жеңіске жетіп, есеп 1: 1 болса, онда сайыстар одан әрі жалғасуы да ықтимал. Биылғы турнирдің бұған дейнгі біз өткізген турнирлерден айырмашылығы сол, бұған аралас жекпе-жек өнерінің кілең мықтылары жиналды. «Alash Pride KZ» кәсіби жекпе-жек клубы құрылғалы бері соңғы 4 жыл ішінде талай жарыстар өткіздік. Айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Енді міне, тұңғыш рет, осы турнир аясында Alash Pride FC» нұсқасы бойынша үш салмақ категориясында Әлем чемпионы атағы үшін үш белбеу сарапқа салынады» - деді А. Ерболатов.
Өз кезегінде Рәсүл Мырзаев бұл сайысқа тыңғылықты дайындықпен келгендігін жеткізді.
«Бүгін ғана келдім. Әлі дұрыстап демалғаным жоқ. Оның үстіне осының алдында кішкене сырқаттанып қалып едім. Дегенмен, қазір өзімді жақсы сезінемін. Бұған дейінгі жекпе-жекті осы өткен қазан айында өткізген болатынмын..Онда жеңіске жеттім. Бұл сайысқа да дайынмын. Есеп 1:1 болмайды! Мен жеңіске жетіп, осы теке-тіреске нүктесін қоямын» - деді Р. Мырзаев.
Өз кезегінде Ержан Естанов та қарап қалмайтынын, жеңіс үшін барын салатындығын жеткізді.
«Кеткен есемді құдай қалса қайтарамын! Барлығы ойдағыдай болады. Қазақтың рухын асқақтатамын деген үміттемін. Құдай қаласа, есеп 1: 1 болады. Болады деп нық сеніммен айта аламын!» - деді Ержан Естанов.
Сонымен, қос сайыскер турнирде 11-ші жұпты құрады.
65 келі салмақ категориясы. №11жұп. Қарымта айқас:
Ержан «Арлан» Естанов
Қазақстан, Алматы қаласы, «Alash Pride KZ» командасының мүшесі
Туып өскен жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы
Ұлты: қазақ
Жасы: 29-да
Салмағы: 65 келі
Бойы: 174 сантиметр
Сайыстық көрсеткіші: 14-4-1
Атақтары: Панкратионнан «ISCP» нұсқасы бойынша Әлем чемпионы, Аралас жекпе-жек бойынша «NOFC» Халықаралық төрттік Гран-при-дің чемпионы, (Ресей, Псков) қ. 2011 жыл, Аралас жекпе-жек бойынша "Alash Pride FC» Халықаралық турнирінің екі дүркін чемпионы, (2010-2013 жж.), Аралас жекпе-жек бойынша «Alash Pride FC» «II Ұлы Майдан» Халықаралық турнирінің жеңімпазы, (2013 ж.), Аралас жекпе-жек бойынша «Alash Pride FC» «Баһадүр» Халықаралық турнирінің жеңімпазы (2014 ж.).
Рәсүл «Қара жолбарыс» Мырзаев
Ресей, Дағыстан, «Fight Nights» командасының мүшесі
Туып өскен жері: Кизляр қаласы
Ұлты: авар
Жасы: 28-де
Салмағы: 65 келі
Бойы: 174 сантиметр
Сайыстық көрсеткіші: 8 -0-0
Атақтары: Жауынгерлік самбо бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Жауынгерлік самбо бойынша Әлем чемпионы, Панкратион бойынша Әлем Кубогының иегері, Аралас жекпе-жектен «Fight Nights» нұсқасы бойынша Әлем чемпионы, Аралас жпкпе-жек бойынша «Alash Pride FC» «1 Ұлы майдан» Халықаралық турнирінің жеңімпазы (2013 ж.), Аралас жекпе-жектен «Dare» нұсқасы бойынша Халықаралық турнирдің жеңімпазы (Таиланд, 2013 ж.)
Айта кетелік, ертең 22 қараша күні күндізгі сағат 12:00-де «MEGA Аlmaty» сауда ойын-сауық кешенінде алдағы болатын турнир алдында сайыскерлердің салмағын өлшеу және көзқарас «жекпе-жегі» өтеді.
Алдағы болатын турнирге барлағы 12 жұп қатысады.