Аралас жекпе-жек: Жалғас Жұмағұлов ресейліктен чемпиондық белбеуді тартып алды
03:15, 01 Қыркүйек 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Fight Nights Global 88 аралас жекпе-жектен турнир өтті, деп хабарлайды Sports.kz.
Қазақстандық Жалғас Жұмағұлов (11-3) титул үшін болған жекпе-жекте ешқашан жеңілмеген, жеңіл салмақтағы Fight Nights чемпионы ресейлік Тагир Уланбековпен (6-0) күш сынасты. Айқас бес раундқа созылып, Жұмағұловтың басымдығымен аяқталды (49-46, 49-47, 48-48).
Осылайша Жұмағұлов 12-жеңісіне қол жеткізіп, жеңіл салмақтағы Fight Nights жаңа чемпионы атанды. Уланбеков болса, белбеуден айырылып, өз спорт жолында алғаш рет сүрінді.
Еске сала кетсек, бұның алдындағы жекпе-жегін Жалғас Жұмағұлов 1 сәуірде Алматыда өткізіп, әділқазылардың бірауыз шешімімен америкалық спортшы Тайсон Нэманы жеңген болатын.