Аралда балық аулау көлемі 15%-ке өсті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Мамыр айының соңында Арал мәселелеріне арналған халықаралық форум өтті. Оған ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Сонымен бірге теңіз маңайына жақын орналасқан Орталық Азия мемлекеттерінен арнайы өкілдер де келді. Тірлігі қайта жанданған Арал теңізінің бүгінгі жай-күйі жайлы ҚазАқпарат тілшісі баян етеді.

      Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер берді. Осы жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Айтек су құрылысы кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Сөйтіп теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Айналдырған аз ғана жыл ішінде теңіз Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындады.        Бұған қоса, Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады.

          Қазіргі таңда, облыс бойынша балық шаруашылығына маңызы бар Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені мен 196 көл есепке алынып отыр. Бұл аз табыс емес.

Олардың ішінде, Кіші Арал теңізі толықтай және 196 көлдің 144-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді.

Ал, соңғы 3 жылда балық аулау көлемі 1,16 мың тоннаға немесе 15 процентке өсті. Биылғы жылы балық аулау лимиті 7696 тоннаны құрады.

Балық аулаудың артуына орай кейінгі жылдары Арал ауданында балық қабылдайтын екі сервистік-дайындау орталығы мен Қазалы ауданында балық өңдейтін зауыт салынды.

Бүгінгі күні облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауытында 450-500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Аз ғана жыл ішінде Евроодақ елдеріне балық және балық өнімдерін шығарушы кәсіпорындар тізіліміне 3 кәсіпорын, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнім шығаратан кәсіпорындар тізіліміне Арал ауданынан 5 кәсіпорын, Қазалы ауданынан 3 кәсіпорын енді.

 Мұнан өзге Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнімдерін шығарушы кәсіпорындар тізілімінде облыс бойынша 11 кәсіпорын болса, соның 8-і балық шаруашылығының еншісіне тиесілі.        

         Былтыр барлығы 3604 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды, соның ішінде Ресей Федерациясына - 2192 тонна, Данияға - 453 тонна, Польшаға - 259 тонна, Әзербайжанға - 420 тонна және Грузияға - 280 тонна жөнелтілді. Осылайша кейінгі 3 жылда балық өнімдерінің экспорты 5 есеге өсті.

Мәселен, Қазалы ауданынан жеке кәсіпкер Ресейлік әріптестерімен  бірлесіп Ресей Федерациясы Ульяновск облысы Тииск қаласындағы «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауытын ашты.

Тағы бір жағымды жаңалық ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Қызылорда облысынан 546 тонна балық өнімдерін жеткізу жоспарласа, оның алдыңғы легі Арқа төріне жетіп те үлгірді.

Жуырда ғана өткен Арал халықаралық форумында көршілес өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік елдерінің өкілдері экологиялық зардаптың шекара таңдамайтынына тоқталып, ортақ мәселені шешу жолдарын талқылады. Айтулы жиында көптеген ортақ мәмілелер жасалды. Кезінде ақын Бекұзақ Тәңірбергенов: «Аралдың табанынан су кеткенмен, Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ»,-деп теңіз қасіретін жырға қосқан еді. Ал бүгін сол аңқасы кепкен Аралдың айдыны толып, құс базар көлдері қалпына келіп жатыр. Әлемде тұңғыш мәрте қолдан теңіз жасалып, Көкарал бөгеті тұрғызылды. Елбасы бастамасымен қолға алынған ғасыр жобасы қазірден-ақ өз жемісін беріп жатыр. Мұны-Арал келешегінің кемел екендігінің айқын көрінісі деуге болады.