Аралда балық аулаушылар мұражайы ашылды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал қаласында балық аулаушылар тарихы мұражайы ашылды.

Бұл туралы Арал аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Мұражай экспозициялары Арал балық аулаушыларының даңқы мен өңірде балық өнеркәсібін жаңғыртуға арналады. Көне көпес үйі мен «Лев Берг» кемесінің бортына орналасқан 500-ден астам экспонат осы жайында сыр шертеді. Бұл бұйымдар өңірдегі балық шаруашылығының кешегісі мен бүгінгісінен хабар береді. Ал рарирет есебіндегі заттар арасында әртүрлі балық аулау құралдары бар. Келушілерді сондай-ақ теңізді мекен етушілер жөнінде дерек беретін коллекциялар да ерекше қызықтыруда.

Бір кездері большевиктердің көсемі В.Лениннің өтінішімен ашыққан жұмысшыларға вагонмен балық жөнелткен Арал балықшыларының тарихы шынында да тағылымды. Мұнда бір кездері 30-дан астам балық түрі өсірілген. Экологиялық апаттың салдарынан солардың біразы жойылып кетті. Ал соңғы жылдары кіші теңіз аумағында бекіре тұқымдас қызыл балықтарды өсіру қолға алынды.

-Біздің мұражайымыз бір кездері Арал қаласының іргесіне келіп тұрған теңіз табанының ең терең бөлігіне орналасқан. Кезінде толқын ойнап, шағала қонып жүрген аумақта енді осындай мекен пайда болды. Ал эспонаттарды жинастыруға жергілікті тұрғындар көмектесті. Соның арқасында келушілерге ұсына алатындай бірқатар бұйымдарға қолымыз жетті, - дейді мұражай меңгерушісі Ханзада Әбілғазиева.