АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында балық шаруашылығын тарихын насихаттайтын мұражай құнды жәдігерлермен толықты. Бұл мұражай кезінде еліміздің балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржановтың қолдауымен ашылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұражай туған жердің тарихы мен танымын айғақтайтын, мұрасын ұлықтайтын мәдени орын ретінде тұсауын кескен еді. Оған Аралдың толқынынан бойына рух сіңіре білген теңізбен тағдырлас талант иесі, кезіндегі балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Құдайберген Саржанов ұйытқы болды.
Игілікті шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысты. Ол мұражай қорын жасақтауға белсене қатысқан Құдайберген Саржановқа алғысын білдірді.
«Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға ерекше мән берілген. Осы бағытта ашылған бұл мұражайдың маңызы зор. Бұл мәдени орынның келешек ұрпаққа өз өлкесін таныту бағытындағы орны ерекше. Мұражайда аса құнды дүниелер жинақталған», - деді Мұхтар Оразбаев.
Шара барысында Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы болған Балтабай Ақпанбетов пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетов өз тілектестігін білдірді.
Өз кезегінде Құдайберген Саржанов рухани мұралардан сыр шерткен мұражай жәдігерлермен таныстырды. Көптеген құнды дүниелермен толықтырылған мұражай бірнеше бөлімге топтастырылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.