Еске сала кетейік, 2016 жылы аудан әкімінің қорытынды есебінде аудан тұрғындары тарапынан «бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастарды» емдеу орталығын ауданымыздан ашуға ұсыныс түскен болатын.
Жергілікті халықтың тілек-талаптары ескерусіз қалмай, аудан әкімдігі мен аудандық орталық ауруханасы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе келе республика бойынша үздік деп танылған ЖШС «B.B.NURA» амбулаториялық диализ орталығымен келіссөздер жүргізді. Бүгін осы нәтижелі жұмыстардың арқасындааудан тұрғындарының игілігі үшін «Диализ орталығы» есігін айқара ашты.
- Аталмыш орталық бұған дейін тек үлкен қалаларда қолжетімді болса, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық бүгін біздің тұрғындарымыз үшін де қызмет көрсететін болады. Ауданда «созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне» шалдыққан науқастар саны 12 адамды құраса, енді осы есепте тұрған науқастарымыз алыстан ем іздемей, білікті нефролог мамандардың сапалы әрі шипалы емін алады деген сенімдеміз», - деді орталықтың ашылуында сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
Одан әрі, шараға арнайы келген орталықтың медициналық директоры Марат Әбубәкіров сөз алып, мұнда, созылмалы бүйрек жетіспеушілігін емдеудің еуропалық стандарттарына көшу және гемофильтрация рәсімдердін енгізу, терапия тиімділігін арттыруға, асқынулар қаупін азайтуға және науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік жасалатынын атап өтті.