Аралда дрифт жасаған тұрғынның жүргізуші куәлігі болмай шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық Полиция департаментінің жедел басқару орталығы бейнебақылау камераларының көмегімен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады.

Фото: pexels

Оқиға Арал ауданының орталық алаңында болған.

- Жүргізуші автокөлікпен қауіпті маневрлер жасап, дрифт ұйымдастырған. Аталған әрекет жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын бұзған. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны жедел түрде анықтап, ұстады. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы болмағаны және тиісті құжаттарының жоқ екені белгілі болды. Құқық бұзған жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша хаттама рәсімделді. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, - деп хабарлады департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары дрифт жасау, жол қозғалысы ережелерін елемеу және қоғамдық орындарда қауіп төндіретін әрекеттер жасау заң талаптарын өрескел бұзу екенін ескертті.

Бұған дейін Алматыда «BMW» автокөлігінің жүргізушісі түнгі уақытта жол ережелерін өрескел бұзған еді.