2016 жылы жасалған сараптаманың қорытындысы бойынша ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу қажет болған.
Сараптама қорытындысы негізінде Арал аудандық әкімдігі тарапынан құрылған комиссия тұрғындарға аталған үйді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша (бүгінгі таңда «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы) күрделі жөндеуден өткізу туралы бірнеше рет ұсынған. Алайда, тұрғындар келісім бермеген.
«Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындардың 70% келісімін берсе, бағдарлама бойынша ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін ескерттік. Осы бағдарлама аясында Арал қаласында орналасқан 47 екіқабатты үйдің 22-сіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бірақ, бұл үйдің тұрғындары мұндай жұмысты жүргізуге келіспеді. Біз нысанның қауіпті екенін бірнеше мәрте ескерттік», - деді Бауыржан Махатов.
Сонымен қатар, қазіргі кезде осы ғимаратта тұрған әр отбасының жағдайы жан-жақты зерттеліп, әлеуметтік карталары әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
«Балабақша ретінде салынған ғимарат «Арал қанаты-2020» КҚК балансында тұр. 90-жылдары тұрғындар мұнда заңсыз орналасқан. Осыған орай, әлеуметтік карта әзірленуде. Мәселен, мұндағы 7 пәтер жалға беріліп келген. Қазіргі кезде әр отбасының әлеуметтік жағдайы анықталуда. Осы карта мен комиссияның қорытындысы бойынша тиісті шаралар атқарылады», - деді Бауыржан Махатов.
Бүгінде эвакуацияланған отбасылар аудандық жастар ресурстық орталығына және туған-туысқандарының үйіне орналастырылды.
Естеріңізге сала кетсек, 17 наурыз күні Арал қаласында екіқабатты үйді бөліп тұрған бөлік опырылып түскен. Ғимарат 1986 жылы балабақша ретінде салынып, 90-жылдары баспанасы жоқ тұрғындар үйді иемденіп, қоныстанып алған.
Екіқабатты ғимарат 20 пәтерден тұрады, оның 15-де ғана тұрғындар қоныстанып келген.
Бүгінгі таңда, аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды, тексеру жүргізіледі.