Аралда не көруге болады: теңіз тарихына саяхат

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform агенттігі Keruen Inn қонақүйлер желісімен бірлесіп автосаяхаттаушыларды не қызықтыратынын және Арал маңындағы жолда не көруге болатынын білді.

Фото: zerdepharma.kz

Арал – теңізге саяхат судан емес, ескі порттан басталатын қала. Теңіз жағалауы әлдеқашан тартылып қалды, алайда порт құрылыстары, музейдегі кемелер мен балықшы әулеттерінің тарихы туралы естеліктер осы жерден кемелер кеткен кездегі көріністі көз алдыңа әкеледі.

Бұл жерден бір күн ішінде экологиялық апат салдарын көріп, қаланың тыныс-тіршілігін білуге, сондай-ақ балық шаруашылығы мен туристік бағыттың біртіндеп қайта жандана бастағанын байқауға болады.

Біз аялдаған алғашқы бағыт ескі порт болды. Өткен ғасырдың ортасында ол Арал теңізін Өзбекстандағы Мойнақпен байланыстырып, кемелер мен балық, тұз, астық сияқты жүкті қабылдаған. Бүгінде бұл жерден ашық суды көру мүмкін емес, бірақ айлақ пен теңіздің арасындағы қашықтық арқылы кез келген цифрдан да айқын өзгерісті сезінесіз. Жақын маңда XIX ғасырдағы көпестер үйінде орналасқан Балықшылар музейі бар. Оның қорында мыңдаған экспонат – балық аулау құралдары, суреттер, құжаттар, кемелер тұрмысында пайдаланылған бұйымдар мен балықшылардың жеке заттары сақталған. Аулада ашық аспан астындағы көрме ұйымдастырылған. Онда көлемі 5×25 метр алып «Лев Берг» кемесі және басқа да су көліктері тұр. Теңіздің қазақстандық бөлігіндегі құрғаған табанында атақты кемелер бейітінен ештеңе қалмаған, сондықтан Арал флотының тарихын дәл осы жерден бастап зерттеген дұрыс.

Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Келесі аялдамамыз – Балықшылар аллеясы. Бұл жерде өмірі теңізбен байланысты болған адамдарға арналған ескерткіш, сондай-ақ тарихи вагондардың бірі қойылған. Ол 1921 жылғы Арал маңының тұрғындары аштық жайлаған Еділ бойына 14 вагон балық жинап, жөнелткен оқиғаны еске салады.

Біздің маршрутымыздың әдеби жалғасы Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы қалалық тарихи музей болды. «Қан мен тер» трилогиясының авторы Арал ауданында туып, балықшылар өлкесінің тыныс-тіршілігін қазақ әдебиетінің кең тынысты шығармаларының бір бөлігіне айналдырған. Музейде жазушының қолжазбалары, кітаптары, суреттері мен жеке заттары сақталған.

Жергілікті порт нысандарын көргеннен кейін оның шығармалары жай ғана абстрактілі әдеби хикая емес, енді өзіңіз түсіне алатын Арал маңының үні ретінде қабылданады. Егер бірнеше сағат уақытыңыз қалса, Аралдан шығысқа қарай 22 шақырым жердегі Жақсықылыш көліне барыңыз. Ақ тұзды алқап пен оны қоршаған дала көзге тылсым мен жерден тыс пейзажды елестетеді. Мұнда тұз өндіру ісі бір ғасырдан астам уақыттан бері жүргізіліп келеді. Сондықтан аялдайтын және суретке түсетін орындарды жергілікті гидпен алдын ала келісіп алған жөн әрі өндірістік аумақтарға өз бетіңізше кірмеген дұрыс.

Қосымша бір күнді толықтай Қамыстыбас көлінде өткізуге болады. Ол Арал қаласынан шамамен 90 шақырым жерде орналасқан және жаз мезгілінде су жағасында демалуға, балық аулауға әрі құстарды бақылауға қолайлы. Ал Көкарал бөгетіне жергілікті гидпен және арнайы дайындалған көлікпен барған жөн.

Фото: Эльдар Мақсат

Ал түнеп шығу үшін Самара-Шымкент тасжолының бойында, Арал қаласының орталығынан шамамен төрт шақырым жерде орналасқан заманауи Keruen Inn қонақүйі қолайлы. Бөлмелерде жеке санитарлық торап, жоғары жылдамдықты Wi-Fi, спутниктік теледидар және шай дайындауға арналған орын қарастырылған. Қонақүй аумағында кір жуатын орын, намазхана, супермаркет және күзетілетін автотұрақ бар.

Фото: Эльдар Мақсат

Жақын жерде Qazaq Oil жанармай құю станциясы орналасқан. Жолды жалғастырмас бұрын көлікке жанармай құйып, кофе ішіп, сапарға қажетті заттарды сатып алуға болады. Осылайша таңертең қалаға қайта соқпастан Ақтөбе немесе Қызылорда бағытына жолды жалғастырасыз.

Фото: Эльдар Максат

Осыған дейін жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне қосымша 1,2 млрд текше метр су жіберілетіні туралы жаздық.