Аралда жеңістің 80 жылдығына арналған ат бәйгесі өтті

Фото: Фото: Арал ауданының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Жеңістің 80 жылдығына орай бүгін Қызылорда облысының Арал ауданында аудан әкімдігінің жүлдесі үшін облыстық ат бәйгесі өтті.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аламанға 90-ға жуық сәйгүлік қатысты. 

— Бәйге тай жарысынан басталды. Онда ауыздығымен алысқан 18 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Нәтижесінде Қазалы ауданының шабандоздары І, ІІ орындарды еншіледі. Бекарыстан би ауылының тұрғыны О.Смағұловтың «Хан» күреңі бірінші келсе, Жанкент ауылының тұрғыны С. Орынбасаровтың «Ниет» торысы мәре сызығын екінші болып кесті. Ал Арал ауданына қарасты Қызылжар ауылынан келген С.Қарауымбетовтың «Адият» қара қасқасы мәреге үшінші келді, — делінген аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Фото: Арал ауданының әкімдігі

Ал құнан бәйгесінің нәтижесінде 10 шақырым қашықтықты ең бірінші болып Аралқұмнан келген «Шулат» торы еңсеріп өтті. Одан кейінгі орын қармақшылық Ғ.Ұзақбаевтың «Тастұяқ» торысына бұйырса, ІІІ орынды Аралқұмнан келген «Жұлдызай» торы олжалады.

Сонымен қатар облыстық бәйгеде 15 шықырымға созылған топ бәйге ұйымдастырылды. Қорытындысында Жалағаш ауданы Аққыр ауылынан қатысқан «Ханторы» алдына қара салған жоқ. Келесі екі орынды Қазалының Құмжиек ауылынан келген «Алагөз» күреңі мен Арал ауданының Бөген ауылынан келген «Ақжелең» торысы өзара бөлісті. 

Жүлдеге іліккен арғымақтардың иелеріне аудан бюджеті және демеушілер есебінен тағайындалған қаржылай сыйлықтар табысталды. 

Бұған дейін біз Қызылорда қаласында классикалық шахматтан Аралбай Махамбетовтың жүлдесіне арналған балалар арасындағы ел кубогының ІІ кезеңі өткенін хабарладық.