АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында құтқарушылар жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Арал ауданы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне жолаушылардың жолда қалып қойғаны жөнінде хабар түскен.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар «Mercedes-Benz» маркалы жеңіл автокөлігінің «Самара-Шымкент» автожолының 1417 шақырымында жолда қалып қойғанын анықтады. Көліктің қозғалтқыш бөлігі бұзылып, істен шыққан.
«Жолаушылар Атырау қаласынан Түркістанға бағыт алған. Құтқарушылардың күшімен 2 жолаушы Қамыстыбас елді мекеніне жеткізілді. Олар медициналық көмекті қажет еткен жоқ. Ақаулы автокөлік эвакуатормен үйлеріне қайтарылды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі.
Бұған дейін Аралда қалқымалы көпірдің жылжып кетуінен жол қатынасы үзілгендігі хабарланған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.