Аралдағы «кемелер бейітін» неге сақтап қала алмадық

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Аралдың құмында қалған кемелер бір кездері теңіз тарихының үнсіз куәгері әрі шетелдік туристерді қызықтырған бірегей нысан еді. Бүгінде соның көбі жоғалып кеткен. Қалған жәдігерлердің тағдыры да алаңдатарлық күйде.

Фото: Серік Дүйсенбаевтың мұрағатынан

Жергілікті тұрғын Серік Дүйсенбаев — Арал өңіріндегі белгілі әрі тәжірибелі гид-аудармашылардың бірі. Ол 2012 жылдан бері шетелдік және отандық туристерге арнап Арал теңізінің тартылған табаны мен «кемелер зиратына» арнайы экспедициялар мен турлар ұйымдастырып жүр.

Оның айтуынша, шетелдік фотографтар мен киногерлер теңіздің табанынан табылған кемелерді тат басқан, ескірген күйінде көріп, таспаға түсіргісі келеді. Арал теңізінің Қазақстан бөлігінде ескі кемелер шоғыры қалмағанын естігенде көбі келуден бас тартады екен. 

Фото: Серік Дүйсенбаевтың мұрағатынан

Гид-аудармашы Аралдағы «кемелер бейітінің» талан-таражға түсуі экологиялық қана емес, үлкен мәдени-тарихи трагедия екенін айтты.

— Теңіз тартылғаннан кейін Арал ауданы мен Мойнақ маңында қалған алып кемелер ашық аспан астындағы мұражайға айналып, аймақтың символы болған. Уақыт өте келе бірегей мұра адам қолымен қиратылды. Оған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, өткен ғасырдың 90-шы және 2000 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде жергілікті тұрғындар мен заңсыз кәсіпкерлер үшін кемелер тегін металл көзіне айналды. Оларды кесіп, қара металл ретінде басқа елдерге экспорттау жаппай сипат алды. Екінші себеп — бақылаудың және қорғаудың болмауы. Кейбір кемелер қоныс тепкен аймақтар елді мекендерден алыс, шөлді жерлерде орналасқандықтан оларды мемлекет тарапынан күзету немесе тарихи ескерткіш ретінде заңды түрде қорғау жұмысы өте кеш қолға алынды. Үшіншіден, теңіз тартылғаннан кейін жұмыссыз қалған ауыл тұрғындары үшін кемелерді бөлшектеп сату күнкөрістің жалғыз амалына айналды, — деді ол.

Бірегей мұраның сақталмауы өңір туризміне әсер етпей қоймады. Өйткені алыс-жақын шет елден туристер сол үшін келетін. Алайда «кемелер бейітінің» соңғы жәдігері — Ақеспе маңындағы үлкен кеме де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.

— «Туризмді дамытамыз» деп дабыл қаққанымызбен, қолда бар құндылықтан айырылып отырмыз. Шетелдік туристердің Аралға ат басын бұруының бірден-бір себебі Қамыстыбас көлі де, Көкарал бөгеті де емес, құмда қалған кемелер болатын. Қарапайым тұрғындар үшін бұл темір-терсек болып көрінуі мүмкін. Алайда әлемдік туризмде «Abandoned Places» — тастанды жерлер немесе «Dark Tourism», яғни дамымаған жабайы туризм деген ауқымды бағыттар бар. Аралдың құмындағы кемелер Чернобыль сияқты әлемдік деңгейдегі эксклюзив бренд еді. Оны ешқандай жасанды музей алмастыра алмайды. Қамыстыбас — тәп-тәуір демалыс орны, бірақ ондай көлдер мен жағажайлар кез келген мемлекетте бар. Ол үшін Еуропадан ешкім ат терлетіп келмейді. Көкарал — инженерлік нысан. Ол ғалымдарға қызық болуы мүмкін, бірақ туристік эстетикасы төмен. Ал құм құшағындағы кемелер, бұл — сюрреализм. Бұл Далидің картиналары іспеттес ақылға сыймайтын, көзбен көріп қана сенетін трагедиялық сұлулық еді, — деді Серік Дүйсенбаев.

Фото: Серік Дүйсенбаевтың мұрағатынан

Қолда барды сақтай алмағанымыздың кесірінен туристік логистика күйреді. Өйткені меймандар мұндай сапар кезінде тек кемені көріп, гид қызметін ғана пайдаланбайды. 

— Аралға кеме көруге келген турист жергілікті дәмханадан тамақ ішеді, қонақүйге түнейді, жол талғамайтын көлік жалдап, кәдесый сатып алады. Басты себеп жоғалған соң бұл тізбек те үзіледі. Темірді кесіп, бірнеше жүз мың теңге пайда тапқандар аймақтың миллиондаған табысына балта шапқанын сезбейді, — деді гид-аудармашы.

Бұған дейін Kazinform агенттігі Keruen Inn қонақүйлер желісімен бірлесіп автосаяхаттаушыларды не қызықтыратынын және Арал маңындағы жолда не көруге болатынын білді.