АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданының Тоқпан көлінде балық шабақтарының қырылу себебі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаевтың айтуынша, шабақтардың қырылып қалуына ауа райының күрт өзгеруі себеп болған. Яғни, «термоклин» жағдайы туындап, су құрамындағы оттегі құрамының мөлшері өзгерген. Нәтижесінде шабақтардың жаппай қырылу жағдайы тіркелген.
«Қазіргі таңда мұндай жағдайларды болдырмау шаралары қолға алынып, қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстары жүргізілуде. Және оларды бекітілген су айдындарына жіберу жұмыстары ұйымдастырылды», - деді инспекция басшысы Ғалымжан Орақбаев.
Сараптама қорытындысын жүргізген мамандар бұл соңғы 5 жыл ішінде тіркелмеген жағдай екенін айтуда.
Еске салсақ, бұдан бұрын Арал ауданы Тоқпан көлінде балық шабақтарының қырылу жағдайы туралы хабарлаған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.