Министрліктің атап өтуінше, ғылыми-зерттеу стансасы бар тұрақты орман тұқымбақ кешені «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасын іске асыру аясында салынды. Жоба 2006 жылдың 6 қарашасында Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік даму және қайта құру банкі арасындағы несие туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылды. Жаңа тұқымбақ кешені Қызылорда облысының Қазалы қаласында орналасқан. Орман тұқымбағының құрылыс жұмыстары 2008 жылы басталып, 2011 жылдың шілдесінде өз мәресіне жетті. Құрылыс жұмыстарының қаржы шығыны 113 млн. теңгені құрайды.
Бүгінде Қазалы орман тұқымбақ кешенінде ғылыми-зерттеу стансасы жұмыс істейді, соған қоса жаңа зертханалар өз жұмыстарын бастады. Жаңа тұқымбақтың негізігі мақсаты Арал теңізінің құрғап қалған табанында қорғаушы ағаштардың көшеттерін егу және аймақтың мекен-жайларын көгалдандыру.
Тұқымбақтың көлемі 32 гектар. Ол жылына 4 млн. дана сексеуіл көшеттерін өсіріп шығуға қауқарлы. Сексеуіл көшеттері жыл сайын Арал теңізінің құрғап қалған табанының 5-7 мың гектар жеріне егіледі. Осы әрекеттер аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға және шөлге айналмауына септігін тигізеді.
Мұнан басқа да тұқымбақта, орман көшеттерін өсіру мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі кезде Беларусь Ұлттық ғылым академиясының Орман институтын тарта отырып, дражирлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде.
Тұқымбақта тамшылатып суару технологиясы қолданылуда. Кешенді пайдалануға беру 20 тұрақты жұмыс орнын ашады, ал жазғы маусымда тағы да 20-30 адам жұмысқа тартылмақ.