ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында теңізге балық аулауға шығып, хабарсыз кеткен екі адам табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Арал ауданына қарасты Қарашалаң елді мекені аумағында болған. Ауылдың екі тұрғыны 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 01:00 шамасында Арал теңізіне балық аулауға мотоциклмен шығып кеткен. Содан кейін байланысқа шықпаған.
«Хабарсыз кеткен балықшыларды жергілікті тұрғындар өз күшімен іздеуге шыққан. Нәтижесінде аталған екі азамат сағат 03:05-те Қарашалаң елді мекенінен 18 шақырым жерден табылған. Мұздың жұқалығынан екі азаматтың мотоциклі суға түсіп кеткен. Содан кейін олар мұздың үстінде теңіздің жағасын таба алмай, байланысқа шығуға мүмкіндігі болмаған. Олардың денсаулығына зиян келмеген. Медициналық көмекті қажет етпеген», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.