«Аралтұзда» тұтынушыларға сапалы өнім жеткізуге баса назар аударылуда
12:14, 02 Желтоқсан 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Еліміздің кезінде ас тұзының 70 пайызына жуығын өндірген «Аралтұз» акционерлік қоғамы қазірде осы биікті ұстап тұруға, отандық тұтынушыларға сапалы өнім жеткізуге баса назар аударылуда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы жылдары кәсіпорында өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп, байыту фабрикасы іске қосылып, цехтарға заманауи жабдықтар мен қондырғылар орнатылуда. Өнім өңдеу жұмыстарының сапасы артып келеді. Ас тұзының сан алуан ассортиментіне көңіл бөлініп, оны сатып алушыға қолайлы болу жағдайы қарастырылуда. Осы мақсатта 250 грамнан бастап, түрлі салмақтағы қалталанған және қапталған ас тұзы шығарылады. Қазіргі таңда сауда орындарына әсем безендірілген қораптағы өнімдер де жеткізіле бастады. Қоғам отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталған шараларға да үлкен сенім артып отыр.