Аралық сот өндірісі заңдары әзірге шикі - Ғ.Жайлин

АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Азаматтық- процедуралық кодексте Аралық соттың процедуралық қарым-қатынастары алғашқы кезекте Азаматтық-процедуралық кодекс нормаларымен реттелуі керектігі қарастырылған.

Бұл туралы ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының жанындағы Аралық сот төрағасының орынбасары Ғабиден Жайлин бүгін Алматыда Халықаралық төрелік сот және Аралық сот арбитрларының алғашқы кездесуінде айтты.

"Азаматтық кодексте Аралық сот туралы жалпы нормалар бар. Онда Аралық сот құқық қорғаудың толыққанды үлгісі ретінде қарастырылады. Алайда Аралық сот өндірісі заңдары әзірге шикі. Азаматтық-процедуралық кодексте өзара әрекеттестіктер бар. Әйтсе де онда да нақты нормалар жоқ", - дейді Ғабиден Айнашұлы. Аралық сот төрағасы орынбасарының айтуынша, уақыт талабына сай қолданыстағы заңдарға жаңа өзгерістер қажет. Бұл заңдар қабылданған кездегі ахуал қазіргіден басқаша болды.