«Аралық сот туралы» ҚР Заңының түсіндірмесі жарық көрді

None
АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Аралық сот туралы» ҚР Заңы түсіндірмесінің таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл кітап «IUS» Халықаралық аралық соты төрағасының орынбасары, заң ғылымының кандидаты Игорь Грешниковтың жауапты редакторлығымен Алматыдағы «Раритет» баспасынан жарық көріп отыр. Аралық (төрелік) сот азаматтық-құқықтық қарым-қатынастан туындаған дауларды шешеді. Игорь Петровичтің айтуынша, Қазақстанда төрелік сот туралы қолданыста екі заң бар. Олар «Аралық сот туралы» және «Халықаралық коммерциялық арбитраждық сот туралы» деп аталады. 1992 жылы негізі қаланған «IUS» халықаралық аралық сотының орталығы шығарған бұл кітап «Аралық сот туралы» заң баптары бойынша түсіндірмелер. Оны тұрақты қызмет ететін төрелік соттар, ғалымдар мен тәжірибелі мамандар дайындаған. Авторлар төрелік сот талқылауларына қатысты қазақстандық, ресейлік құқықтық нормативтік актілер жобасын жасауға қатысқан және «Төрелік сот туралы» ҚР Заңына ғылым сараптама жасауға шақырылған сарапшылар. «IUS» Халықаралық аралық сотының алғашқы жинағы 2000 жылы «Аралық сот: заңнама, теория және тәжірибе» деген атпен шыққан болатын. Екіншісі «Халықаралық коммерциялық төрелік» деген тақырыппен 2002 жылы жарық көрді.